Ауырсынуды шашыраңқы склероздың симптомы деп қабылдамаған кездер артта қалды. Қазіргі зерттеулер шашыраңқы склероз диагнозы бар адамдардың жартысынан көбінің аурудың белгілі бір кезеңінде қарқындылық сипаты бойынша ерекшеленетін ауырсынуды бастан кешіретінін көрсетті.
Шашыраңқы склероз кезіндегі ауырсыну синдромдарының түрлері:
1. Невропаттық;
2. Соматогендік;
3. Висцерогендік;
4. Психогендік;
5. Бас ауруы.
Невропаттық ауырсыну – ОЖЖ-гі миелиннің зақымдануының тікелей нәтижесі болып табылады, ШС-кезінде ашып ауыру, шаншу және әртүрлі сезімділік бұрмаланулар (сезгіштіктің бұрмалануы, мысалы жылу ауырсыну немесе суық деп қабылданады) түрінде байқалуы мүмкін.
Соматогендік (ноцицептивті, висцералдық) ауырсынулар ШС-кезінде сүйектерден, бұлшықеттерден, дәнекер ұлпадан шығатын ынталандырмалардан туындайды; олар үнемі дерлік жақсы ошақталады, оларды жіті, солқылдақ немесе сыздатқыш деп сипаттауға болады. Мұндай ауырсынулар аяқ-қол буындары мен омыртқаның деформациясына алып келетін ауыр қимыл бұзушылықтары жағдайында туындайтын зақымданулардың себебінен пайда болады.
Висцерогендік ауырсынулар ШС кезінде жамбас бұзушылықтары дамыған кезде несепқуық пен ішек рецепторларының белсенуінен пайда болады. Несепқуықтың ауырсынып түйілуі жиіленеді, олар жамбас аймағында дүркін-дүркін пайда болатын ауырсынулар түрінде байқалады және несеп тоқтамауға алып келуі мүмкін.
Психогендік ауырсынулар ШС кезінде ешқандай айқын себепсіз немесе ауырсынуға реакция себепке сәйкес келмеген кезде органикалық зақымдану болмаса да пайда болуы мүмкін. Пациентті тексеру кезінде тікелей ШС-бен байланысты емес: үрей, күйзеліс, реніш, ыза, ұйқының бұзылуы және т.б. сияқты психикалық бұзылыстарды табуға болады.
Бас ауруларын шашыраңқы склероз кезінде жеке топқа біріктіруге болады, себебі олар өте жиі қайталанатынымен ерекшеленеді. ШС кезінде бас ауруы басқа неврологиялық аурулар кезіндегі бас ауруына қарағанда 3 есе жиі қайталанады, олардың себебі де түсініксіз болып қалып отыр. Бас ауруы тіпті шашыраңқы склероздың дамитын немесе асқынатын алғашқы белгісі болуы мүмкін. ШС кезіндегі бас аурулардың себептерінің бірі депрессиялық және қаңқа-бұлшықет бұзылыстары болуы мүмкін.
Эмоциялық құраушы
Әрбір шашыраңқы склерозбен ауыратын науқас белгілі бір ауырсынудың себебі міндетті түрде шашыраңқы склероз болуға тиіс емес екенін, осыған ұқсас симптомдары бар басқа аурулар да болатынын түсіну керек. Қалай болғанда да, ауырсынудың себебіне қарай бұл проблеманы елемеуге болмайды, сақтансаң – сақтайды деген бар. Көп жағдайда қорқыныш немесе уайым симптомдардың ауырлығын күшейтуі және ағымдағы жағдайды қиындатуы мүмкін. Дәрімен емделуден басқа йога, метидация, акупунктура және т.б. сияқты баламалы күресу тәсілдерін пайдаланған жөн. Өзіңе өзің көмектесуге ұмтылу керексің, мұның ауырсынумен күресудегі маңызы өте зор.
Шашыраңқы склероз кезінде позитивті ойлау және салауатты өмір салтын ұстану ауырсынуды екінші орынға ысыруға көмектеседі және мазасыздықты азайтады.