Шашыраңқы склерозы бар науқастарға көмек көрсету қоры

БОСАҢСУ – ДЕНЕҢІЗ БЕН ЖАНЫҢЫЗҒА КҮШ ПЕН ТЫНЫШТЫҚ БЕРЕДІ

Ішкі тыныштық күйі – бұл, өкінішке орай, қазіргі қарбалас әлемде қол жеткізу қиын күй болып табылады. Жұмыс күні уақыттың жоқтығынан босаңсуға уақыт табатын адам аз. Сонымен бірге дене және жан саулығын сақтау үшін босаңсу өте маңызды болып табылады. Шашыраңқы склероз кезінде күйзеліс аурудың асқынуына алып келеді, бірақ әртүрлі босаңсу әдістемелерінің көмегімен аурудың ағымын бақылауға болады.
Қызық кітап оқу, орманда серуендеу немесе достарыңызбен көңілді кеш өткізу – осындай аздаған үзілістер адамның ішкі күйіне оң әсерін тигізеді және күйзелісті азайтуға көмектеседі. Алдағы жұмыс күнінің алдында күшіміздің орнын толықтыру үшін бірер сағаттық демалыс жеткілікті болады. Алайда әрдайым бұлай бола бермейді. Артып келе жатқан шиеленіс денсаулыққа кері әсерін тигізеді. Әрбір адам күйзелісті азайтудың өзіне лайықты тәсілін табуға тырысады. Ұзақ уақыт бойы күйзелісте болғанда организм күш-қуатынан айрылып, әлсірей береді. Босаңсуға бағытталған әдістемелер денсаулықты қалпына келтіруге жағдай жасайды. Мұндай әдістемелер шашыраңқы склероз кезінде ерекше мағынаға ие болады.
БОСАҢСУ БӘРІНЕ ПАЙДАЛЫ
Босаңсу организмге профилактикалық және емдік әсер береді. Бұлшықет тонусы, бұлшықеттердің шиеленісуі азайып, бұлшықеттер босаңсиды. Тыныс алу жиілігі, жүрек соғысы және тамыр соғысы баяулайды, артериялық қысым, тіпті қанның құрамындағы глюкозаның көрсеткіштері төмендейді. Босаңсу жүйке жүйесінің жұмысқа қабілеттілігіне, асқазан-ішек жолының жұмысына, иммундық жүйеге және жалпы психикалық жағдайға оң әсерін тигізеді. Белгілі бір босаңсыту техникаларын пайдаланып жүйелі түрде жаттығу жасау және оқыту бағдарламалары өмірлік жағдайларда сабырмен қарауға және күйзелісті жағдайларда шиеленісті тез жеңуге көмектеседі. Тыныштың күйі Сіз оған мұқтаж болғанда пайда болады.
БОСАҢСУ ӨМІР СҮРУ САПАСЫН АРТТЫРАДЫ
Шиеленісті басу формасы қалауымызға, дене және жан ахуалына байланысты. Кейбір адамдар қозғалыс кезінде босаңсыса, басқалары ол үшін статикалық қалыпқа түсу керек болады.
Осы екі жағдайда да оң әсерге жетуге болады. Босаңси білу адамның дене хал-жайына, сонымен қатар шашыраңқы склероздың әртүрлі клиникалық көріністеріне әсер етеді. Мысалы, тепе-теңдік, қозғалыстардың үйлесімі, өз денеңіздің қозғалғыштығы және сезімталдығы жақсарады, бұлшықеттегі спастикалық шиеленіс азаяды және ауырсыну басылады. Сонымен қатар ішкі тыныштық зейін қоюды жақсартады, қорқыныш жойылады, өзін өзі бағалау жақсарады және оң өмірлік ұстаным қалыптасады.
ҮЙРЕТУ ОҢАЙ, КЕЗ КЕЛГЕН ЖЕРДЕ ҚОЛДАНУҒА БОЛАДЫ
Шиеленісті басуды іс жүзінде қолданылатын әдістері көп. Сондай әдістердің бірі өз денеңізді жекелеген бұлшықеттер топтарын саналы түрде ширату және босаңсыту арқылы түсінуді жақсартатын бұлшықетті үдемелі босаңсыту әдісі болып табылады. Әрбір бұлшықеттер тобы аз уақытқа шиеленіседі де, сосын босаңсиды. Осы жаттығу барысында, бір жағынан, күйзеліс кезінде байқалмайтын бұзылыстарға зейін қойылады. Екінші жағынан, босаңсуға машықтану жүзеге асырылады. Мұндай жаттығулар шашыраңқы склероздың келіп жатқан және тұрақты клиникалық көріністерін азайтады. Өз бұлшықеттеріңіздің босаңсуын бақылауға болатын тағы бір әдіс аутогендік жаттығу болып табылады. Дененің белгілі бір бөліктеріне зейін қоюға көмектесетін, өзіне өзін сендіруге негізделген қысқа сөйлемшелер қайталанады. Мысалы, «менің тынысым терең және тыныш», немесе «мен толықтай сабырлық сақтаудамын». Адамның денесі мұндай нұсқауларға орай сәйкесінше әрекет етеді. Жаттығуларды жүйелі түрде орындау босасу күйіне жетуге мүмкіндік береді. Бұл жерде ішкі тыныштыққа қол жеткізуге болатын жаттығулардың кейбір мысалдары ғана келтірілген.
Сіздің дәрігеріңіз Сіз үшін Сіздің денсаулығыңызды нығайтатын Сізге лайықты босаңсу жаттығуларын таңдап бере алады.