Депрессияның белгілері әртүрлі болады және ауру формасына қарай өзгеріп тұрады. Депрессия ұғымы бірнеше сағаттан артық уақытқа созылуы мүмкін әлсіреуден бастап бірнеше айға созылатын ауыр клиникалық депрессияға дейін эмоциялық проблемалардың кең спектрін сипаттау үшін қолданылады.
Депрессия – бұл жұмыс қабілеттілігін күрт төмендететін және науқастың өзіне де, оның жақындарына да азап келтіретін ауыр сырқат. Өкінішке орай, адамдар депрессияның әдепкі көріністері мен салдары туралы аз біледі, сондықтан науқастардың көбіне олардың жағдайы асқынып, ауырлаған кезде ғана көмек көрсетіледі.
Депрессия ұзақ уақыт бойы біздің сезімдерімізге, іс-қимылдарымызға және ойлау қабілетімізге әсер етеді. Депрессияның жай көңіл-күйдің бұзылуы емес, мамандардың араласуын талап ететін және емдеуге болатын ауру болып табылатынын ұмытпау керек.
ЕМДЕУДІҢ ҚАНДАЙ ЖОЛДАРЫ БАР?
Шашыраңқы склерозбен ауыратын пациенттерде күнделікті өмірде кездесетін проблемалардың себебінен депрессияның пайда болу қаупі жоғары. алайда емді уақтылы бастаған жағдайда депрессияны емдеуге болады.
Депрессияны емдеудегі алғашқы қадам сізде депрессияның бар екенін мойындау болып табылады. Екінші қадам – көмекке жүгіну. Осы екі қадам көбінесе бүкіл емдеу барысында ең қиын болып шығады. Білікті маманның көмегіне жүгінуді шеше салысымен сізді қалыпты өмір сорабына қайтара алатын емдеу әдістерінің алуан түрлерінің бар екенін байқайсыз.
Заманауи фармацевтикалық құралдардың ішінде антидепрессанттар деп аталатын препараттар бар, бірақ олардың тек қана дәрігердің бақылауымен қабылдау керек.
Сонымен бірге депрессияны емдеуде отбасыңыз бен жақындарыңыздың қолдауы маңызды екенін айта кету керек. Егер сіз көмекке жүгінуді шешсеңіз өзіңіздің емдеуші дәрігеріңізге барудан бастаңыз. Ол сіздің қабылдайтын дәрі-дәрмектеріңізді немесе сіздегі симптомдардың себебі болуы мүмкін ілеспе ауруларды ескере отырып сіздің хал-жайыңызды бағалай алады.
Дәрігер сізге психиатр немесе психоневролог дәрігерге баруды тағайындайды. Соңғысы сіздің жай-күйіңізге кешенді баға беріп, соның негізінде тиімді емдеу курсын белгілейді.