Шашыраңқы склерозға ұқсас аурулар
Шашыраңқы склерозға ұқсас аурулар туралы
Шашыраңқы склерозға ұқсас аурулар — бұл шашыраңқы склероздан (ШС) туындаған симптомдарға ұқсас неврологиялық симптомдарды тудыруы мүмкін ауру.Шашыраңқы склероз диагнозын анық растау үшін дәрігер ұқсас симптомдары бар басқа бірқатар аурулардың жоқ екеніне көз жеткізу керек.
Бұл аурулардың кейбірін тестілердің және қарапайым қан талдамасымен (мысалы, В12 дәруменінің тапшылығы) оп-оңай жоққа шығаруға болады. Ал саркоидоз сияқты ауруларды жоққа шығару үшін биопсия қажет болуы мүмкін. Симптоматикасы ұқсас кейбір аурулар басқаларға қарағанда әлдеқайда сирек кездеседі. Мұндай диагностика үшін кең бейінді, тәжірибесі мол маманға жүгінген дұрыс. Кейін осындай дәрігердің бақылауында болу міндетті емес, бірақ диагностикалау кезінде оның көмегі қажет.
Орталық жүйке жүйесінің (ОЖЖ) инфекциялары.
Лайм ауруы – ағзада бактериясының пайда болуынан туындайтын инфекция. Оны негізінен кенелер таратады. Кене шаққаннан кейін инфекцияның жұққанын кенені сараптамадан өткізу және талдауға қан тапсыру арқылы білуге болады.
Симптоматика және МРТ шашыраңқы склерозбен ұқсас.
Мерез – жыныстық жолмен жұғатын инфекция. Бозғылт трепонема бактериялары туындатады. Бастапқы инфекция жұққаннан кейін көп жыл өткен соң алғашқы нефрологиялық симптомдарды тудыруы мүмкін.
Үдемелі Мультифокалды Лейкоэнцефалопатия (ҮМЛ)— адамның миын асимметриялы түрде зақымдайтын JC вирусынан туындайтын бас миының ақ затының өлімге әкелуі мүмкін инфекциясы. Халықтың 80%-і, әсіресе белсенді емес өмір салтын ұстанатындар осы вирусты тасымалдаушылар болып табылады деп саналады. Вирус Tysabri® (натализумаб) қабылдайтын шашыраңқы склерозбен ауыратын адамдарда байқалуы мүмкін.
Адамның иммун тапшылығы вирусы (АИТВ) — жұқтырылған иммун тапшылығының синдромына немесе ЖИТС-на алып келуі мүмкін вирус.
Адамның Т-лимфотропты Вирусы (HTLV-1) — жүйке жүйесінің созылмалы үдемелі ауруы. Мелопатия деп те аталатын тропикалық түйілмелі парапарезді тудырады. Жұлынның үдемелі зақымдануымен сипатталады.
Орталық жүйке жүйесінің қабынба аурулары.
Шегрен синдромы – созылмалы аутоиммундық ауру. Оның айрықша симптомы шырышты қабықтардың құрғақтығы болып табылады. Буын ауыруы, шаршағыштық,ғ қышыну және терінің құрғақтығы пайда болады.
Васкулит — бас миын және жұлынды қамтамасыз ететін қантамырларды зақымдайтын аутоиммундық ауру. Көптеген неврологиялық симптомдарды тудырады.
Қызыл жегі – бұл созылмалы қабынба аутоиммундық ауру. Ол теріге, буындарға, бүйрекке, өкпеге, жүйке жүйесіне және басқа органдарға әсер етуі мүмкін.
Саркоидоз — өкпеде, теріде, лимфа түйіндерінде, бауырда және орталық жүйке жүйесінде қабынба жасушалардың (гранулемдердің) жиналуына алып келетін созылмалы, аутоиммундық болуы мүмкін ауру. Әдетте респираторлық аурулардың симптомдарын, кейде неврологиялық симптомдарды тудырады.
Бехчет ауруы — қантамырларды, әсіресе көктамырларды зақымдайтын аутоиммундық ауру. Ауыз қуысында, жыныстық безде ойық жаралардың пайда болуымен қатар көздің ішкі бөлігі қабынады және терімен байланысты проблемалар туындайды. Бехчет ауруы бас миындағы ақ заттың зақымдану себебіне айналуы мүмкін.
Генетикалық бұзылыстар
Тұқым қуалайтын миелопатиялар — жұлынмен, соның ішінде мишық дегенерациясымен, лейкодистрофиямен және қозғалыс нейрондарының бұзылуымен байланысты бірқатар тұқым қуалайтын аурулар. Олардың көбі миленин метаболизмінің бұзылуына алып келеді.
CADASIL — субкортикалды инфарктілері мен лейкоэнцефалопатиясы бар милық аутосомалық басым артериопатия. Бірінші кезекте, көптеген неврологиялық симптомдарды тудыра отырып, бас миының ақ затындағы ұсақ қантамырларға әсер ететін тұқым қуалайтын ауру.
Лейкодистрофия — орталық жүйке жүйесіндегі миелинді зақымдайтын және шашыраңқы склерозға ұқсайтын неврологиялық симптомдарды тудыратын сирек кездесетін тұқым қуалайтын үдемелі бұзылыс.
Тұқым қуалайтын мишық дегенерациясы — жүрістің баяу үдейтін үйлесімсіздігін, сондай-ақ аяқ-қол координациясының және көз қозғалысының нашарлауын тудыратын тұқым қуалайтын аурулар тобы.
Митохондриялық ауру – ақаулы митохондриялар (энергия шығаратын жасушалардағы құрылымдар) ауруы. Олар ағзаның әртүрлі функцияларын қиындатады және неврологиялық симптомдарға алып келуі мүмкін.
Бас миының ісіктері
Метастазалар – өзінің бастапқы орнына басқа жерлерге тарайтын обырлық жалғасулар метастатикалық деп саналады. Қатерлі ісіктің кейбір түрлері, мысалы, сүт безінің, өкпенің, бүйректің және терінің (меланома) қатерлі ісіктері орталық жүйке жүйесіне таралуы және неврологиялық симптомдарды туындатуы мүмкін.
Лимфома — кей жағдайларда орталық жүйке жүйесінде (ОЖЖ) пайда болатын немесе басқа жерлерден миға тарайтын ісіктерді түзетін аномалды Т немсе В-лимфоциттерінің (ақ қан жасушалары түрлері) жылдам көбеюі қатысатын қан обыры.
Микроэлементтер тапшылығы
Мыс тапшылығы – біршама сирек кездесетін тапшылық. Құрамында мырыштың мөлшері жоғары өнімдерді шамадан тыс тұтынған немесе АІЖ проблемалары кезінде кездеседі және неврологиялық симптомдарды тудырады.
В12 дәруменінің тапшылығы – неврологиялық функция үшін шешуші мәні бар бұл дәруменнің тапшылығы диеталық шектеулерден туындауы мүмкін. Малдан алынған өнімдерде кездеседі және оның тапшылығы көп жағдайда неврологиялық бұзылыстардың себебі болып табылады.
Бас миындағы немесе жұлындағы құрылымдық зақымданулар
Мойын спондилезы — қалыпты қартаю үдерісімен байланысты омыртқа дегенерациясы. Жас ұлғайған сайын пішінін өзгерткен омыртқа мен дискілер жұлынды қысып, неврологиялық бұзылыстарды тудыруы мүмкін.
Диск жарығы – омыртқа сүйектерінің арасында жастықшалардың қызметін атқаратын диск жас ұлғайған сайын немесе арқаға түскен шамадан тыс салмақтың себебінен бұзылады. Дискінің жарығы неврологиялық симптоматиканың дамуына жағдай жасай отырып, жұлынның әртүрлі аймақтарындағы жүйкелерге қысым жасайды.
Басқа миелинсіздендіретін бұзылыстар
Оптиконевромиелит (Девик ауруы) — бірнеше клиникалық типтерге бөлінетін, шашыраңқы склероздан өзгеше ауру. Көбінесе бұл ауру оптикалық жүйкенің ұзақ зақымдануынан туындайтын екі көздегі визуалды өзгерістерді тудырады.
Жіті шашыраңқы энцефаломиелит — бас миы мен жұлындағы қысқа, бірақ қарқынды қабынба ұстама, сондай-ақ көз жүйкесіне тиіп, миелиннің зақымдануын тудырады. Симптомдар тез басылады. Әдетте ауру 1,5-2 аптаға созылады, содан кейін, егер емделмеген болса, шашыраңқы склерозға айналады. ШС-бен ауыратын науқаста қайталануды немесе қатты асқынуды тудырауы мүмкін. Жоғары дозалы пульс-емдеудің көмегімен емделеді. Ем нәтижелі болған жағдайда – ауру қайтып оралмайды.