«Шашыраңқы склероз» диагнозын қойғаннан кейін өмір түбегейлі өзгереді. Сізге жалпы денсаулығыңызды, денеңізді және ақыл-ойыңызды мұқият қадағалау керек болады. Шашыраңқы склерозбен өмір сүру өміріңіздің барлық аспектілерін қайта қарауға, диета сақтауға, дене шынықтырумен айналысуға, күйзеліске, шылым шегуге басқаша қарауға, жұмыс пен жеке өмірдің арасында тепе-теңдікті сақтауға итермелейді.
ШС-бен өмір сүруді үйрену үшін біраз уақыт қажет болуы мүмкін. Жаңа әдеттеріңізді тұжырымдай отырып, келесі сұрақтарға жауап беріп көргеніңіз жөн:
Сіз шылым шегесіз бе? Диетаңыз қаншалықты теңдестірілген? Алкогольді шамадан тыс ішесіз бе немесе есірткі қабылдайсыз ба? Спортпен жеткілікті шамада айналысасыз ба? Ең көп қиындық туғызатын ШС симптомдарыңыз бар ма? Күйзеліске ұшырағаныңызды сезінесіз бе?
Онымен қатар, өзіңіз үшін түсінуге тиіс дүниелер бар:
Сізге не жасаған ұнайды? Өміріңізде оң әсер берген сәттеріңіз болды ма? Жұмысыңыз бен жеке өміріңіздің арасын теңдестіріп қойғансыз ба? Өмірлік басымдықтарыңыз қандай?
ШС-бен бірге сүретін өміріңіздің әр күні
Өмір салты туралы айтар болсақ, ШС-бен ауыратын адамдарға басқалар үшін де пайдалы кеңестер беріледі: табиғи азық-түліктерді тұтыну, спортпен шұғылдану, шамадан тыс алкоголь ішпеуге тырысы және шылым шекпеу.
Жалпы денсаулықты бірқалыпты ұстауыңыз сізге өзіңізге ұнаған және өзіңізге қажет іспен: жұмыспен немесе оқумен айналысуды жалғастыруға мүмкіндік береді. Жұмыс күндерінің еңбекақыдан басқа үнемі көзге көріне бермейтін артықшылықтары бар. Сіз басқа адамдармен қарым-қатынас орнатасыз, жаңа таныстарыңыз пайда болады, өзіңізді пайдалы сезіне аласыз, өмірдегі мақсаттарыңызға ұмтыласыз. Осылардың барлығы ШС диагнозын қойғаннан кейін жұмыс істеуге немесе оқуға ынталандыруы мүмкін.
Тек қана қолыңыздан келетін істі жасаңыз және үлгермей қалғаныңыз үшін өзіңізді кінәламаңыз. Сізге күш-қуатыңызды сақтауға көмектесетін лайфхактарды іздеңіз – киімдерді отырып үтіктеңіз, азық-түліктерге онлайн тапсырыс беріңіз. Жақындарыңыздан көмек сұрауға қысылмаңыз және өтінішіңізді анық жеткізіңіз: «Анда-санда маған балаларға қарауға көмектесе аласың ба?» емес, «Жұма күні үш сағатқа балаларды саған қалдырсам бола ма? деп сұраңыз.
ШС-бен болашақта өмір сүру
ШС зерттеулердің өте өзекті саласы болып табылады және бұл диагнозды емдеу тәсілдері үнемі жетілдірілуде. Сізде таңдау болады, ШС-бен күресіп жатқаныңыз үшін өзіңіз жауапкершілік көтере аласыз, мысалы, физиотерапевтік жаттығуларды жасай аласыз немесе нұсқауға сәйкес дәрі қабылдай аласыз. Әрине, кәсіби көмектің де маңызы бар, алайда сіз көп істі өзіңіз жасай аласыз. Салауатты өмір салтын ұстану сіздің ШС-ды басқарудың бір бөлігіне айналуы мүмкін.